"Сириядағы қақтығысты реттеуде "Астана процесінің" маңызы зор болды"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2653

Соғыс пен бейбітшілік мәселелері бойынша елбасымен ақылдасу үшін елімізге Түркия лидері Реджеп Тайып Ердоған келді.

"Сириядағы қақтығысты реттеуде "Астана процесінің" маңызы зор болды"

"Атына – заты сай" деген даналық бар қазақта. Үлкен саясатта да көшбасшының аты-жөні символизммен жалғасып жатады. Мәселен Қазақстан президентінің есімі "нұр" және "сұлтан" секілді қазақ үшін ардақты ұғымдардан тұратыны мәлім. Ресейлік жұртшылық болса, Путиннің аты "владей миром" деген тіркестен тұратынын мақтан тұтады.

Сол сияқты тәуелсіздік алғаннан бері әскерилердің қорғанында болған зайырлы Түркияда армия билігін доғарып, оның орнына мықты президенттік билікті құруға кіріскен, ел өміріне түбегейлі өзгеріс әкелген түрік лидерінің тегі де "батыр болып туған" (еr doğan) деп аударылады екен. Мұның да астары бардай.

Ресей әскери-ғарыш күштері мен авиациясы Башар Асад билігіне қарсы шыққаны үшін Сириядағы түркітілдес халықтарды – түркімендерді (орыстар оларды "туркоман" деп атайды) "бөшкелік" бомбалармен аяусыз соққылап, қырып жатқанда да оларға ара түскен осы Ердоған болатын. Өкінішке қарай, сириялық түркімендерді бомбалауды тоқтатуға шешім қабылдау туралы Түркия сыртқы істер министрлігінің сұрауын Ресей де, Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі де елеусіз қалдырды.

Осыдан ашынған Түркия 2015 жылдың 24 қарашасында Сириямен шектесетін тұста шекарасын бірнеше секундқа ғана кесіп өткен ресейлік Су-24 ұшағын зымыранмен атып, жарып жіберді. Егер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путин мен Реджеп Тайып Ердоғанды қайта табыстырмағанда, бұл оқиға екі елдің арасындағы қырғи-қабақ қатынастың ұзақ уақытқа созылуына соқтыратын еді.

Ресейлік сарапшылардың жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың араағайындығы арқасында Ресей мен Түркияның тек ымыраға келуімен іс біткен жоқ, бұл екі ел одақтасқа айналды. Нәтижесінде Ресей Башар Асадты Сирияның бір бөлігін Түркияның басып алуына көндірді: "Евфрат қалқаны" операциясы барысында түріктер терроршыларды түркітілдес халықтар тұратын аймақтардан ығыстырды және жергілікті жұртшылықты өз қорғауына алды. Енді ол жаққа ресейлік әскерилер аяқ баспайды.

Бүгін ақордадағы келіссөз барысында Ердоған мырза Сириядағы қақтығысты реттеуге арналған "Астана процесінің" маңыздылығын атап өтті.

"Сириядағы қақтығысты реттеуде "Астана процесінің" маңызы зор болды", – деді Реджеп Тайып Ердоған.

Айтқандай бұл жоғарғы деңгейдегі сирияаралық халықаралық келіссөздердің келесі раунды 14-15 қыркүйекте өтеді деп күтілуде.

"14 қыркүйекте басталатын бұл келіссөз өте маңызды. Бұл мәселеде біз нәтижеге келуге тиіспіз. Бұл келіссөз Женева процесінің барысына оң ықпал етеді әрі көмектеседі деген ойдамын, – деп пікір білдірді Түркия президенті. Бұл ретте Түркия ары қарай да, Иран және Ресеймен бірге осы келіссөзді кепілдендіруші тарап болып қала бермек.

Сондай-ақ Ердоған мырза Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірлік проблемаларды шешудегі бітімгершілік қызметі үшін айрықша алғысын жеткізді. Оның айтуынша, Түркия қазақ елімен экономикалық, саяси, мәдени және әскери-өнеркәсіптік ынтымақтастық үшін бар күшін салатын болады. 

"Қазіргі уақытта екі елдің арасындағы өзара тауар айналым шамамен 2 миллиард долларды құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз көрсеткіш деп санаймын. Қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес, біздің мақсатымыз – өзара сауда-саттықты 5 миллиардқа дейін жеткізу болмақ. Екі елдің әлеуеті бұл көрсеткішке жетуге толық мүмкіндік береді", – деді Түркия президенті.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Реджеп Тайып Ердоғанға Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін ризашылығын білдірді.

"Қанша кездессек те көп болмайды. Қазіргі заманның өзі қиындап тұр. Жиі кездесіп, көп ақылдасу керек. 25-26 жыл ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас достық әрі бауырластық бағытта дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Ол Түркия лидеріне Қазақстанға жасаған соңғы сапары кезінде экономика саласына қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

"Қабылданған келісім аясында үлкен жұмыс атқарылуда, көптеген жобалар іске асырылды, кейбіреулері аяқталып келеді. Өңірлік сипаттағы проблемалар бізде де, Түркияда да бар. Бүгінгі кездесуіміз сол мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан президенті. 

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президентіне биылғы 10 қыркүйекте Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитіне қатысуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.   

Бұдан бөлек елбасы да биылғы 14 қыркүйекте елордамызда Сириядағы қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана келіссөздерінің алтыншы раунды өтетініне назар аударды.

Түркия президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

"Астанаға келгеніме қуаныштымын. Мен алғаш рет Қазақстанмен Алматы қаласына барған сапарымда танысқан едім. Енді жаңа қалаға, жаңа елордаға келіп отырмын, Қазақстанды өзімнің екінші үйімдей көремін!" – деді Реджеп Ердоған.

Реджеп Тайып Ердоған қазақ елінің бас қаласына отбасын ерте келіпті. Оның әйелі – Түркияның бірінші ханымы Әмине Ердоған Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарын аралап, қыдырған. Осылайша бой сергітіп, көңілдегі ауыртпалықтан құтылса керек. Өйткені халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлағандай, осының алдында Әмине ханым Бангладештегі босқындар лагерінде болып, көрші Мьянмадағы қырғыннан қашқан мұсылман рохинджалармен кездескен.   

ЭКСПО-2017 көрме кешенінің жанында орналасқан ірі сауда орталығында Ердоғаның ұлы Неджмеддин Билал да барып, тамашалаған. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу